Өтініш жіберу

Шеберлік шыңы
Жаңа жаңалықтарға жазылыңыз
Сайтта өзгеріс болса, сізге E-mail арқылы хабарлама келеді.
Жазылу
Жазылған: 70

ТУРКИЯ МЕН ҚАЗАҚСТАН АРАСЫНДАҒЫ БАЛАЛАР КІТАПХАНАЛАРЫ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ БАҒЫТТАРЫ АШЫЛДЫ

29
ТУРКИЯ МЕН ҚАЗАҚСТАН АРАСЫНДАҒЫ БАЛАЛАР КІТАПХАНАЛАРЫ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ БАҒЫТТАРЫ АШЫЛДЫ
 
Түркия мемлекетінің Мәдениет және туризм министрлігі мен Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі арасындағы онлайн-кездесу өткізілді.  
2026 жылғы 2 ақпанда Түркия мен Қазақстанның балалар және ерте жастағы балалар (2-6 жастар) кітапханалары саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылау мақсатында онлайн-кездесу өтті. Microsoft Teams платформасында өткен шараға екі елдің кітапхана саласының жетекші мамандары, университет академиктері қатысты
Кездесуде алғашқы болып сөз алған Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының директоры: «Бүгінгі кездесу – біздің екі ел арасындағы мәдени және білім беру алмасуды тереңдетуге бағытталған маңызды қадам. Балалар кітапханалары – жас ұрпақтың рухани құндылықтарын қалыптастыруда, оқу-әдебиетке деген қызығушылығын арттыруда шешуші рөл атқарады. Түркияның осы саладағы бай тәжірибесі біз үшін өте құнды», – деп атап өтті.
Түркия тарапынан Мәдениет және туризм министрлігінің Кітапханалар және баспа ісі жөніндегі бас директорының орынбасары Мехмет Демир елдер арасындағы кітапханалық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап, болашақтағы бірлескен жобаларға деген дайындығын білдірді.
Кездесу барысында Түркия тарапы өз тәжірибесімен бөлісті. Кітапханалар және баспа ісі жөніндегі Бас басқармасының сыртқы байланыстар директоры Мерве Явуздемир Түркиядағы балалар және жасөспірімдер кітапханаларының кешенді желісі, олардың заманауи инфрақұрылымы туралы айтты. Сондай-ақ, «Балалар кітапханасы семинарлары» сияқты ірі жобалардың нәтижелері мен олардың практикалық қолданылуы таныстырылды.
Қарабүк университетінің «Балалар дамуы» кафедрасының профессоры, PhD Шехназ Джейлан кітапхана ортасы мен арнайы әдістемелердің (ертегі терапиясы, интерактивті оқу әрекеттері) баланың танымдық, эмоционалдық және әлеуметтік дамуына тигізетін онтайлы әсері туралы ғылыми деректер келтірді. «Кітапхана – бұл тек кітап алу орны ғана емес, баланың әлемді тану, қарым-қатынас жасау және шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін маңызды орталық», – деп бөлісті профессор.
Көршехир қаласындағы Зубейде Ханым атындағы облыстық халық кітапханасының директоры Хюлья Озгюн жергілікті деңгейдегі практикалық тәжірибені – ерте жастағы балаларға арналған оқу бөлмелерін қалай ұйымдастыру, отбасылық ортаны тартудың инновациялық үлгілері туралы әңгімеледі.
Қазақстан тарапынан ҚР ОАМ Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының ғылыми істер жөніндегі орынбасары, кездесудің спикері және аудармашысы Райхан Асанова елдегі балалар кітапханаларын дамытудың ұлттық бағдарламаларын («Балалар кітапханасы», «Оқуға құштар мектеп») және оларды іске асыру жолдарын таныстырды.
«Біздің алдымызда балалар кітапханаларын цифрландыру және автоматтандыру, кітапхана қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, ерте жастағы балаларға арналған арнайы орталар мен ресурстарды жасау сияқты міндеттер тұр. Түркиямен ынтымақтастық осы мәселелерді шешудің тиімді тәсілі бола алады», – деді Р. Асанова.
 
Кездесудің қорытынды бөлімінде екі тарап келесі негізгі ынтымақтастық бағыттарын бекітті:
1. Кітапханашы мамандардың біліктілігін арттыру бойынша білім беру бағдарламаларын алмасу.
2. Ерте жастағы балаларға арналған тәрбиелік-ойын бағдарламалары мен әдістемелік материалдарды бірлесіп әзірлеу.
3. Кітапхана қызметкерлері арасында тәжірибе алмасу стажировкаларын ұйымдастыру.
4. Екі елдің балалар әдебиетінің таңдаулы үлгілерімен қорларды аударып, алмасу.
5. Балалар кітапханасы қызметтерін цифрландыру саласындағы техникалық тәжірибені талқылау.
Кездесудің нәтижесінде екі жақты жұмыс тобын құру және ынтымақтастықтың нақты жол картасын әзірлеу туралы келісімге қол жеткізілді. Келесі кездесуді 2026 жылдың сәуір айларында өткізу жоспарлануда.