"БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: МҮМКІНДІКТЕР МЕН ТӘУЕКЕЛДЕР" атты II республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы
Қазіргі таңда білім беру саласы жаңа технологиялардың қарқынды дамуымен айрықша өзгерістерді бастан кешуде. Осы орайда, жасанды интеллект (ЖИ) білім беру жүйесіне терең еніп, оқыту мен тәрбиелеу процесіне жаңа серпін беруде. Осы маңызды тақырыпқа арналған «БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: МҮМКІНДІКТЕР МЕН ТӘУЕКЕЛДЕР» атты II республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы 2025 жылдың 18 қазанында Қызылорда қаласындағы Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектебінде өтті.
Конференцияның мақсаты мен өзектілігі:
Конференцияның басты мақсаты – білім беру саласында ЖИ технологияларын енгізудің тиімді жолдарын қарастыру, оның мүмкіндіктері мен ықтимал қауіп-қатерлерін саралау, сондай-ақ педагогтер мен ЖИ сарапшыларының тәжірибе алмасуына жағдай жасау болды. Шараның өзектілігі білім беру жүйесінде ЖИ-ды қолданудың артықшылықтары мен шектеулерін анықтау, оқу үдерісіне енгізудің тиімді әдістерін талқылау, этикалық, құқықтық және психологиялық мәселелерді талдау, цифрлық құзыреттілікті арттыруға бағытталған ұсыныстар әзірлеу және ЖИ-дың білім алушылардың жеке тұлғалық дамуына әсерін зерттеу міндеттерімен айқындалды.
Қатысушылар және Пленарлық отырыстың мазмұны:
Конференцияға жоғарғы оқу орындарының, колледж, мектеп мұғалімдері, балабақша меңгерушілері мен тәрбиешілері қатысты.
Пленарлық отырысты Абай атындағы мектептің директоры Уткелбаева Айгуль Алтынбековна құттықтау сөзбен ашып, іс-шараның маңыздылығын атап өтті.
Негізгі баяндамаларда білім берудегі ЖИ-дың қазіргі жағдайы мен болашағы жан-жақты талқыланды. Тәжекеева Жадыраханым Сергазықызы («Шеберлік шыңы» әдістемелік орталығының директоры) "Жасанды интеллект – заман талабы" атты тақырыпта сөз сөйлесе, ЖИ эксперті, математика пәні мұғалімі Ләтіш Әбілпәсім Әбделпәттеұлы "Білім беру жүйесіндегі жасанды интеллект мүмкіндіктері" тақырыбында өз тәжірибесімен бөлісті.
Бастауыш және мектепке дейінгі білім берудегі ЖИ-дың қолданылуына ерекше назар аударылды: Маханова Жанат Жантурсыновна (М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің оқытушысы) "Бастауыш білім берудегі геймификация: Оқыту мен ойынның бірігуі" тақырыбын қозғады. Есмаханова Ұлжан Әлібайқызы (М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің оқытушысы) "Мектеп жасына дейінгі балаларды ойын арқылы цифрлық сауаттылыққа баулу" жайын баяндады. №211 А.Байтұрсынов атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Құрманова Жанар "Жасанды интеллект және AR технологиялары – бастауыш сыныптағы жаңа серпін" тақырыбында сөз алды. "ZIYATKER" инновациялық мектеп-лицейінің мұғалімі Жұмырова Айгерім Амандыққызы "Жасанды интеллект-заманауи бастауыш сынып мұғалімінің көмекшісі" рөлін талдады.
Сонымен қатар, ЖИ-дың адаммен бірлігі және жаңа құралдардың мүмкіндіктері де талқыланды: Серікбай Майра Жеңісбекқызы (Е.Әуелбеков атындағы №4 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп лицей интернатының мұғалімі) "Ондай болмақ қайда деп: адам мен жасанды интеллекттің бірлігі" туралы баяндама жасады. «Шеберлік шыңы» әдістемелік орталығының әдіскері Смайлова Ақмарал Жалғасбекқызы "ChatGPT-дың мүмкіндіктері" тақырыбын ашып көрсетті.
Пленарлық отырыстан кейін қатысушылар секциялық топ жұмыстарына бөлініп, ZOOM платформасы арқылы спикерлерді тыңдау және пікір алмасу мүмкіндігіне ие болды. Тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыруға бағытталған бұл жұмыс ЖИ-дың білім берудегі нақты қолданылуы мен туындауы мүмкін мәселелерді терең талқылауға жол ашты.
Конференция кері байланыс, қорытындылау және марапаттау рәсімімен аяқталып, қатысушылар білім беру жүйесіндегі жасанды интеллекттің әлеуеті мен оны тиімді қолдану жолдары туралы құнды білім мен тәжірибе жинақтады. Шара білім беру сапасын арттырудағы жаңа технологиялардың маңыздылығын тағы да дәлелдеді.








