Балалар әдебиетінің бәйтерегі
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ БӘЙТЕРЕГІ
Мүталап Айшолпан Мұратбекқызы
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің
Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының
ақпараттық-автоматицазиялау бөлімінің басшысы
2024 жыл ұлт әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген қаламгерлеріміздің бірі және бірегейі, қазақ балалар әдебиетінің классигі, көрнекті жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойымен ерекшеленді. Қазақ руханиятына өшпес мұра қалдырған жерлесімізді әлем мойындап, мерейтойы ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ көлемінде тойланды. 100 жылдық мерейтойға байланысты елдімекендердегі көше, мектептерге және саябақтарға жазушының есімі берілді. Қаламгер туралы спектакльдер қойылып, кітаптары жарық көрді.
Бердібек Соқпақбаев Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Қостөбе аулында 1924 жылы 15-ші қазанда дүниеге келген. 8 жасқа келгенде анасы қайтыс болады. Бұғанасы қата қоймаған ол бала күнінен ауыр еңбекке жегілді. Бердібек Соқпақбаевтың өмірі қазақ даласындағы ашаршылық кезеңімен тұспа-тұс келді. Жетімдіктің зардабын шекті. Оның бойына білімге деген сүйіспеншілікті оятқан Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ағасы Сатылған. Балалық шақта қиыншылықтарды басынан өткерген ол өте ізденімпаз, қабілетті бала болып өседі. Шығармашылық жолын балаларға арнап өлең жазудан бастады. Олар «Лениншіл жас», «Қазақ пионері», «Пионер» журналдарында басылып тұрды. 1950 жылы «Бұлақ» атты өлеңдер жинағын шығарған. Кейін балалар мен жасөспірімдерге арналған 20-дан астам әңгіме, повесть, роман кітаптарын ұсынды. Бердібек Соқпақбаевтың бірқатар шығармалары шетел тілдеріне аударылып, сахналық, экрандық нұсқаға айналған. «Менің атым Қожа» повесі Мәскеудегі «Детская литература» баспасынан жарық көрді. Содан кейін орыс тілінен көптеген тілдерге аударылып, шетелде: Франция, Польша, Чехославакия, Болгарияда жарияланды. Повесть әлемнің 68 тіліне аударылған. Бердібек Соқпақбаевтың кезең шындығын, қазақтың жан дүниесін жеткізетін «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым — Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді», «Жекпе-жек» сынды туындылары кешегі буынның ғана емес, қазіргі оқырманның да сүйіп оқитын шығармалары. Осы тұста ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасы және Республика педагогтарының ғылыми-әдістемелік және өнер-білім орталығы 2024 жылдың қараша айында Республика көлемінде «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» эссе байқауын ұйымдастырды. Байқау демеушісі — «Көкжиек-Горизонт» баспа үйі. Байқаудың мақсаты — оқушылар мен жас қаламгерлерге жазушының шығармашылығын терең таныстыру, оның әдеби мұрасына деген қызығушылықты арттыру және жас буынның шығармашылық қабілетін дамыту.
Байқау Қазақстанның барлық өңіріндегі мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылып, 9-18 жас аралығындағы балаларға арналды. Қатысушылар Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары негізінде «Бердібек Соқпақбаев: Қазақ жастарына өнеге болған қаламгер», «Менің атым Қожа» повесі: Бала жүрегінің шытырман өмірі», «Соқпақбаев әлеміндегі достық пен адалдықтың маңызы», «Қазақ әдебиетіндегі бала бейнесі: Бердібек Соқпақбаевтың үлесі», «Балалық шағымның кейбір сәттері» тақырыптарының бірінде эссе жазып, оның идеялық мазмұнын, қоғамға тигізген ықпалын және өз өмірлеріне қалай әсер еткенін баяндауы тиіс болды. Байқау барысында жазушының шығармаларындағы кейіпкерлер бейнесі, олардың тағдыры, автордың оқырманға жеткізгісі келген ойлары терең талданды. Байқау 2 кезең бойынша өткізілді. 1-кезең бойынша 300-ге жуық жұмыс қабылданып, байқаудың 2-кезеңіне 110 оқушы жолдама алды. Байқаудың 2-кезеңі Алматы қаласы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының ғимаратында 2025 жылдың 9 қаңтарында өткізілді. 2-кезеңге Абай, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Ақмола, Қостанай, Жетісу, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарынан 35 бала келіп қатысты. 2-кезең бойынша жұмыстарды сараптап, бағалау мақсатында эксперттік топ тағайындалды: Емишова Амангүл Бастаубайқызы — ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының бас әдіскері; Мукашева Қарлығаш Разаковна — жазушы, аудармашы, «Көкжиек-Горизонт» баспа үйінің редакторы; Исмайлова Нұргүл Ахметханқызы — Алматы облысы, Талғар қаласы № 13 мектептің мұғалімі, филология ғылымдарының РhD докторы; Қамбарова Бекзат Ғабитқызы — Мемлекеттік тілді дамыту институтының ғылыми қызметкері. Қазылар алқасы жұмыстарды бағалау кезінде эссенің мазмұн тереңдігіне, тіл байлығына, шығармашылық көзқарасқа және авторлық стильге ерекше мән берді. Қатысушылардың эсселерінде Бердібек Соқпақбаевтың балалар әдебиетіне қосқан зор үлесі кеңінен талқыланып, жазушының кейіпкерлерінің шынайылығы мен өміршеңдігі ерекше аталып өтті. Жүлделі орындарға ие болған жұмыстарда оқушылар жазушының шығармаларының өз өмірлеріне әсерін айқын көрсетті. Мысалы, кейбір қатысушылар «Менің атым Қожа» шығармасындағы Қожаның тұлғалық өсу жолын талдап, оның әр баланың өмірінде кездесетін қиындықтармен күресуін көрсете білді. Басқа бір топ жас қаламгер «Балалық шаққа саяхат» повесі арқылы сол кезеңдегі ауыл өмірін сипаттап, жазушының реалистік стильін жоғары бағалады. Қатысушылар 5-7 сынып және 8-11-сынып жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөлінді. Жалпы қорытынды бойынша 6 оқушы — 1-орын, 13 оқушы — 2-орын, 12 оқушы — 3-орынға ие болды. Жеңімпаздар ұйымдастырушылар мен «Көкжиек-Горизонт» баспа үйінің арнайы сыйлықтарымен марапатталды.
Сонымен қатар, үздік эсселер арнайы жинаққа енгізіліп, оларды болашақта әдебиет сүйер қауымның назарына ұсыну жоспарлануда. «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты эссе байқауы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығын атап өтудегі маңызды шаралардың бірі болды. Бұл байқау жас оқырмандар мен қаламгерлердің қазақ әдебиетіне деген қызығушылығын арттырып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытты. Жазушының шығармалары арқылы өмірлік құндылықтарды дәріптеу мен жастардың бойында әдеби талғам қалыптастыру — байқаудың басты жетістіктерінің бірі. Осындай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, қазақ әдебиетінің өркендеуіне өз үлесін қоса бермек.





