Өтініш жіберу

Шеберлік шыңы
Жаңа жаңалықтарға жазылыңыз
Сайтта өзгеріс болса, сізге E-mail арқылы хабарлама келеді.
Жазылу
Жазылған: 70

«Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» "Дарын" орталығының тамыз конференциясы

«Дарын» орталығының тамыз конференциясы: Білімді болашаққа бағыттау


 

Қызылорда облысы Білім басқармасының «Дарын» қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен педагогтердің дәстүрлі тамыз конференциясы болып өтті. №290 «Келешек мектебінде» өткен «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» атты конференцияға Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің, Қызылорда облыстық психологиялық қолдау орталығының, «Білім-Инновация» лицейлерінің және аудандық білім беру бөлімдерінің басшылары мен мамандары қатысты.


Конференцияның негізгі мақсаты — дарынды балалардың зияткерлік қабілеттерін үздіксіз дамытып, оларды Отанға адал, білікті маман етіп тәрбиелеу.


Конференция бағдарламасы


Жиын пленарлық отырыстан басталып, «Дарын» орталығының директоры Б.Ниязова конференцияның мақсаты мен алдағы оқу жылындағы негізгі бағыттарды таныстырды. Спикерлер қатарында педагогика ғылымдарының кандидаты Рабиға Игенбаева «Республикалық ғылыми жобалардың ерекшеліктері» туралы баяндама жасаса, облыстық психологиялық қолдау орталығының директоры Жұмагүл Баянова «Білімге құштарлыққа мотивация беру» жайын сөз етті. Сонымен қатар, «Дарын» орталығы директорының орынбасары Гүлжахан Избасарова өткен оқу жылының қорытындылары мен жаңа мақсат-міндеттерге тоқталды.


«Білім-Инновация» лицейінен Жарқын Батыр «Олимпиадалық резерв дайындау» әдістерін бөліссе, Жалағаш ауданының әдістемелік кабинет меңгерушісі Салтанат Қосжанова ауыл мектебінің имиджін дамытудағы дарынды оқушылардың рөлін атап өтті. Сырдария ауданының әдіскері Жанар Төреқұлова оқушылардың зерттеушілік мәдениетін қалыптастыру туралы ой қозғады. Қызылорда қаласы Оқушылар сарайы директорының міндетін атқарушы Мағжан Қаракөз қосымша білім берудегі жасанды интеллект пен техникалық үйірмелердің болашағын талдап берді.


Секциялық отырыстар мен марапаттау


Пленарлық отырыстан кейін конференция қатысушылары «Дарынды балалармен жұмысты ұйымдастыру» және «Қосымша білім беру» атты екі секцияға бөлініп, жұмыстарын жалғастырды. Бұл топтарда дарынды оқушылармен жұмыс істеудің үлгі жоспарлары, олимпиада мен ғылыми жобаларды ұйымдастырудың тиімді әдістері талқыланды. Ал қосымша білім беру секциясында шығармашылық шаралар мен жаңа жобалар енгізу туралы ұсыныстар қабылданды.


Конференция соңында білім саласында үздік нәтиже көрсеткен мектептер мен педагогтар марапатталды.


Номинациялар:


·                 «Көшбасшы мектебі» – С. Шаухаманов атындағы №9 «Білім-Инновация» лицей-интернаты.


·                 «Ұлттық құндылықтар ұясы» – №10 «Білім-Инновация» лицей-интернаты.


·                 «Жас ғалымдар ордасы» – Жалағаш ауданы.


·                 «Жас зерттеушілер алаңы» – Сырдария ауданы.


·                 «Олимпиада шыңына жетелеуші» – Қазалы ауданы.


Сондай-ақ, орталық әдіскерлері мен жетекшілері марапатталып, естелік суретке түсті. Конференция білім беру жүйесін жаңғыртуға және дарынды ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам болды.